Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда еліміздің барлық өңірінен келген батыр полицейлер марапатталды

Қарағандыда ерлігімен көзге түскен полиция қызметкерлері мен ұландық сарбаздар ұлықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағандыға түрлі жағдайда азаматтарды құтқарып қалған антына адал полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан өкілдері жиналды. Ішкі істер министрлігінің бастамасымен еліміздің әр өңірінде «Қазіргі заман қаһармандары» республикалық акциясы өтеді. Оның мақсаты – ел үшін туған ерлердің нағыз патриотизмін үлгі ету. Акция «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналады. Полиция қызметкері лаңкесті ұстау кезінде қаза тапқан.

Акцияға қатысушылар қайтыс болған полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды. Б.Бейсенова атындағы ҚР ІІМ академиясында өткен дөңгелек үстелге қатысты.

Қазіргі заман қаһармандары – батылдық сабағында оқушылармен кездесті. Елімізде өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін жүзден астам «Жас сақшы» кадет сыныбы жұмыс істейді. Аталған кадет сыныптарына қаза болған қызметкерлердің есімі берілген. Акция Кеншілер мәдениет сарайында өткен салтанатты іс-шарамен аяқталды. Онда еңбегі еленген тәртіп сақшысына марапаттар табысталды.

– Бүгін біз батылдық, ар-намыс және адалдықтарымен мемлекеттің күші мен әділдігіне деген сенімді нығайтатын азаматтарға құрмет көрсету үшін осында жиналдық. Сіздер батырсыздар, нағыз қорғаушысыздар. Көшелердегі қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын сіздер орнатып жүрсіздер. Сіздер қазіргі заманғы полицияның қандай болуы тиіс екендігінің жарқын үлгісісіздер, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

– Акцияның діттеген мақсаты – полицейлердің батырлығын еске алып қана қоймай, қоғамға қызмет етудің шынайы құндылықтарын насихаттау. Күн сайын 10 мыңнан астам полиция қызметкері қоғам қауіпсіздігі үшін сапқа тұрады. Олар қызмет бабында халықтың қауіпсіздігі жолында өз өмірлерін қауіп қатерге тігіп қана қоймай, кей кездері жандарын беруге де дайын екенін атап өткен жөн, – деді ҚР ІІМ ақпараттық саясат департаментінің бастығы Шыңғыс Алекешев.

Сахнаға 15 полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан өкілдері шықты. Олар ерлік көрсеткені үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған. Денис Шемет өз өміріне қауіп төндіре отырып, жаттығу кезінде мерзімді қызметтегі сарбазды граната жарылысынан аман алып қалған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ол «Айбын» орденімен марапатталды.

Патрульдік полиция инспекторы Бүркіт Алшынбаев өз өмірін қатерге тігіп, автобус пен балаларды тасымалдайтын жүк көлігінің соқтығысуының алдын алды. Учаскелік инспектор Дамир Қорғанбаев өрттен адамдарды құтқарып қалған. Кездесуге сондай-ақ суға батып бара жатқан балаларға көмек көрсету үшін суға түсіп, құтқаруға талпынған азаматтар да қатысты.

Салтанатты жиында қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары да болды. Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың кіші ұлы Әділжан Байтасов та болды. Оларға да естелік сыйлықтар табыс етілді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде қызметтік борышын өтеу кезінде 819 тәртіп сақшысы қаза тапты.

Кеш мерекелік концертпен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру