Павлодарда учаскелік инспектор жоғалған қарияны табуға көмектесті
Павлодарда учаскелік инспектор жоғалған қарияны табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының тұрғындары полиция қызметкерлерінің қызметіне жиі алғыс білдіріп жатады. Бұл тәртіп сақшыларының күндіз-түні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы адал еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Жақында Instagram парақшасында қаланың тұрғыны, учаскелік полиция инспекторы Ардақ Теміржановқа шынайы алғыс білдірген жазба жарияланды.
– 9 қараша күні біз бәріміз жұмыста болатынбыз. Үйде ата-анам ғана қалды. Түскі астан кейін, әкем ұйықтап жатқанда, анам үйден жалғыз шығып кеткен. Анамда Альцгеймер ауруы болғандықтан, бұл жағдайды ести сала қатты қорқып, дереу полицияға қоңырау шалдым. Қараша айының суық кеші, қараңғылықтың ерте түсуі және аурудың салдарынан пайда болған есте сақтау қабілетінің бұзылуы мен эмоционалдық тұрақсыздық мені қатты алаңдатты. Сол сәтте біздің учаскелік полиция инспекторымыз Ардақ Теміржановпен байланысқа шығып, бірге анамды іздеуге шықтық. Жарты қаланы аралап, Қайырбаев көшесіндегі дүкендердің бірінен анамды таптық. Онымен қайта қауышқаным үшін тәртіп сақшысына деген ризашылығым шексіз. Ардақ Теміржановқа зор денсаулық пен қызметінде сәттілік тілеймін, – деп жазады алғысын білдірген қызы.
Бұл оқиға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жанашырлығы мен адал еңбегін тағы бір мәрте дәлелдейді.
– Өмірде әртүрлі жағдайлар орын алады. Біздің басты міндетіміз – сол жағдайларға дер кезінде әрекет етіп, қажетті көмекті көрсету, – дейді учаскелік полиция инспекторы Ардақ Теміржанов.