Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полицейлер оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жалғастыруда

Қостанай облысында полицейлер оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Рудный қаласында оқушыларға арналған ауқымды кәсіптік бағдар беру іс-шарасы өтті. Шараға жүздеген болашақ түлек қатысып, ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктерімен және артықшылықтарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Көрмеден басталған іс-шара оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Олар жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың құрал-жабдықтарын, бүркемелеуге арналған арнайы киімдерді, сондай-ақ криминалистің чемоданын қызыға зерттеді. Көрмеде қызметтік иттердің шеберлігін тамашалап, олардың тыйым салынған заттарды іздеу қабілеттерін көрді. Қатысушылар иттермен суретке түсіп, қызметтік техникамен жақынырақ танысты.

Шара барысында Түлектер қауымдастығы төрағасының орынбасары Руслан Аужанов сөз сөйлеп, ішкі істер органдарындағы қызметтің беделін, тұрақты жалақыны, тегін қызметтік киім-кешекті және әлеуметтік қолдау пакетін ерекше атап өтті. Ол құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қызметтің маңызды екенін және полицей болудың ел алдындағы жауапкершілік екенін айтты.

Түлектер үшін мотивациялық бейнероликтер ұсынылды. Оның ішінде ерлік пен батылдықтың жарқын мысалдары болған полиция қызметкерлерінің оқиғалары көрсетілді. Бұл бейнероликтер балалардың жүрегіне жігер беріп, олардың болашақ мамандыққа қызығушылығын оятты.

Концерттік бағдарлама іс-шараның көркін аша түсті. Қостанай облысы Ш.Қабылбаев атындағы академия курсанттары мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандардың ықыласына бөленді. Шараны патриоттық әндер аяқтап, көрермендерге рухани серпіліс сыйлады.

Мұндай шаралар жастарды мамандық таңдауда қолдап қана қоймай, құқықтық тәртіпті сақтау жолындағы жауапты қызметтің беделін арттыра түсетіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру