Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция қайырымдылық жарысын өткізді

Павлодарда полиция киберқылмыс пен есірткі құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қайырымдылық жарысын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодарда полиция қызметкерлері салауатты өмір салтын насихаттап, киберқылмыс пен есірткіге қарсы күрес мәселелеріне қоғам назарын аудару үшін қайырымдылық жүгіру жарысын ұйымдастырды. Іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында полиция және шекара қызметкерлері, студенттер мен оқушылар, сондай-ақ қала тұрғындары болды.

– Бүгінгі таңда жасанды интеллект пен цифрландырудың дамуымен аймақта алаяқтық оқиғаларының саны артып келеді. Алдын алу шаралары қылмыспен күресудің маңызды бөлігіне айналуда. Мұндай шараларды өткізу кибер және есірткі қылмыстарымен күреске, сондай-ақ бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамытуға ықпал етеді. Жарысқа белсенді қатысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов.

Шараның басталар алдында қатысушылар үшін дене қыздыру жаттығулары өткізілді. Жүгірушілер Ertis Promenade сахнасынан Орталық жағалауда бастау алып, бір, үш және бес шақырымдық қашықтықтарды бағындырды.

– Бес шақырымдық қашықтықты еңсеру оңай емес, бірақ біз құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттыруға, интернет алаяқтарымен күресуге және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған шараларға әрқашан дайынбыз. Барша жерлестерімді спортпен айналысуға, алаяқтардан сақ болуға және олардың қулығына түспеуге шақырамын, – деді жарысқа қатысушы Николай Астафьев.

Жарыс басталар алдында полиция қызметкерлері қатысушыларға интернет алаяқтарының айла-амалдары, телефон қоңыраулары кезінде дұрыс әрекет ету алгоритмдері және есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік туралы ақпарат берді. Шара барысында қатысушыларға арнайы жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылды.

Жарыс соңында қатысушылар бір-біріне алғыс айтып, жағымды әсерлермен бөлісті. Барлығы сергектік пен қуанышқа бөленді. Жеңімпаздарға грамоталар, сертификаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Бұл қайырымдылық шарасы Павлодар өңірінде тек спорт пен салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамның құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға үлкен үлес қосты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру