Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталды

Ақмола облысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 қарашада Ақмола облысында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» атты республикалық акция басталды. Бұл маңызды шараны Ақмола облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы «Шанс» кәмелетке толмағандарды қолдау орталығымен бірлесіп, «Айкүміс» шоу-балетінің қолдауымен ұйымдастырды.

Акцияның салтанатты ашылуы Көкшетау қаласындағы «РИО» сауда-ойын-сауық орталығында өтті. Шара барысында келушілерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары мен көмек алу тәсілдері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар ақпараттық материалдар таратылып, қоғамның назарын бұл өзекті мәселеге аударуға бағытталған түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте күш-жігерін біріктірудің маңызды қадамы болып табылады.

Ақмола облысында биылғы жылдың басынан бері полицейлер тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, 3,5 мыңнан астам қорғау ұйғарымдары шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына 1 мыңға жуық ерекше талаптар қойылды. Сонымен бірге отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2 мыңнан астам құқық бұзушы профилактикалық есепке алынды.

Акция 2024 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалғасады. Бұл қоғамға зорлық-зомбылықпен күресудің тек бірлескен күш-жігер арқылы мүмкін екенін және барша үшін қауіпсіз орта құрудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салуды мақсат етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру