Қостанай облысында абаттандыру ережелерінің бұзылуы: 80 миллион теңге айыппұл салынды
Қостанай облысында қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру ережелерін бұзудың 16 мыңға жуық дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында тазалықты сақтамаған және абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарға жалпы сомасы 80,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ең көп таралған құқықбұзушылықтар қатарында саябақтар мен скверлерді ластау, рұқсат етілмеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды тастау және белгіленбеген жерлерде қоқыс жинау фактілері бар. Соның ішінде жиі кездесетін әрекеттердің бірі — темекі тұқылын кез келген жерге тастау. Мұндай әрекет үшін заң бойынша 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері осындай 3 600-ден астам құқықбұзушылық анықталды.
Полицейлер бұл бағытта басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, рұқсат етілмеген полигондар мен абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алуға ерекше көңіл бөлуде.
Аймақта арнайы мобильді топтар жағдайды үнемі бақылауда ұстап, тексеріс жүргізуде. Нәтижесінде 43 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды. Оның 20-сы жойылды. Атап айтқанда, Қостанай қаласында — 5, Амангелді ауданында — 4, Жітіқарада — 2, Қамысты, Наурызым, Ұзынкөл және Федоров аудандарында — 2, ал Рудный ауданында 1 полигон тазартылды.
Қоғамдық орындарда тазалықты сақтау мәселесі — құқық қорғау органдарының басты назарында. Биылғы жылы абаттандыру ережелерін бұзудың 12 мыңға жуық дерегі тіркелді. Тұрғындар тарапынан абайсыздық пен жауапсыздықтың салдарын болдырмау үшін полицейлер түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға күш салуда.
Ескерткіштерді, ағаштарды, шағын сәулет нысандарын және басқа да сыртқы абаттандыру элементтерін зақымдау немесе олардың бастапқы қалпын өзгертуге рұқсат жоқ.
Аялдамаларға, қабырғаларға, тіректерге немесе осы мақсатқа арналмаған басқа да нысандарға хабарландырулар, суреттер немесе жапсырмалар жапсыруға болмайды.
Тауарларды, ыдыстарды немесе құрылыс қалдықтары секілді тұрмыстық емес қоқыстарды көгалдарда, тротуарларда немесе контейнерлік алаңдарда сақтауға тыйым салынады.
Қыстың таяп қалғанын ескере отырып, полиция қызметкерлері қар мен мұзды уақытылы тазарту қажеттігін еске салады. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық орындардың абаттандырылуын сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар ел аумағында экологиялық мәдениетті арттыру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Акция аясында әрбір азаматты табиғатқа жанашырлық танытып, елімізді таза ұстауға шақырамыз.