Елордада алаяқ тұрғындарды алдап, ірі көлемде қаражат иемденді
Елордада алаяқ тұрғындарды алдап, ірі көлемде қаражат иемденді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында 26 жастағы ер адам алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Полиция қылмыстық іс тіркеп, тергеу амалдарын жүргізуде.
Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтады. Ол жергілікті тұрғынды құрылыс материалдарын сатамын деп сендіріп, 200 мың теңгеден астам қаражатын иемденген. Жәбірленуші бұл соманы алаяқтың банк шотына аударған.
Тергеу барысында күдіктінің құрылыс материалдарын сату туралы хабарландыруды интернетте жариялағаны белгілі болды. Оның осы әдіспен тағы бес адамды алдап, ақшаларын алғаны, бірақ уәде етілген тауарды жеткізбегені анықталды. Жалпы келтірілген шығын миллион теңгеден асып отыр. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі уақытта алаяқтың басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Сонымен қатар, ол қарызға ақша алу сылтауымен тағы да алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікке ілінді.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі тұрғындарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстардан сақтануға шақырады.