ІІМ шахматшылары республикалық турнирде үздік атанды
ІІМ шахматшылары республикалық турнирде үздік атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда құқық қорғау органдары арасында ауқымды шахмат турнирі өтті. Турнир ішкі істер министрінің Кубогына өткізілді, онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген мемлекеттік органдардың мықты интеллектуалдары кездесті.
Бүгін Alatau Creativ Hub-та құқық қорғау органдарының ведомстволары – ІІМ, ҰҚК, прокуратура, ТЖ және басқалар арасында турнир өтті.
Турнирді ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов салтанатты түрде ашты. Олар турнир қатысушыларына қолдау көрсетті.
– Шахмат – құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдары қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын дамытуда маңызды рөл атқарады, өйткені бұл ойын аналитикалық ойлауды жақсартады, жағдайды тез бағалау және ықтимал салдарды болжау қабілетін жаттықтыруға көмектеседі. Бұл қасиеттер, әсіресе, істің нәтижесі шешімнің жылдамдығы мен дәлдігіне байланысты болатын шиеленісті және стандартты емес жағдайларда пайдалы. Мұндай шахмат турнирлері кез келген жағдайда әрекет ету қабілетін дамытады, – деп бөлісті Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков.
Ведомствоаралық турнирге 10 команда қатысты. Ойын нәтижесінде 1-орынды Ішкі істер министрлігінің командасы, 2-орынды Бас прокуратура, 3-орынды мамандандырылған күзет қызметі басқармасы алды.
Айта кетейік, екінші жыл қатарынан республикалық шахмат турнирін ІІМ Алматы академиясы Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен «Динамо» ФСО-мен бірлесіп өткізеді.