Павлодарлық тұрғын полицияға алғыс айтты
Павлодар облысы полиция департаментінің @dp_pavlodar парақшасына тұрғындардан алғыс сөздер толассыз түсуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кезекті хат облыс орталығының тұрғыны Салтанат Мұқаровадан Павлодар қалалық полиция басқармасының орталық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Айбек Контарбаевқа жолданған.
Салтанат ханымның айтуынша, ол банкоматтан ақша алған сәтінде ақшасын қабылдағышта ұмытып кеткен. Бұл жағдайды дүкенге келгенде бір-ақ байқап, дереу полицияға хабарласқан. Шақыруға жедел жауап берген учаскелік инспектор Айбек Контарбаев камера жазбаларын тексеріп, ақшаны алған адамды тез арада анықтапты.
– Жеделдік пен кәсібилік танытып, немқұрайлылыққа жол бермегеніңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздің әрекеттеріңіз қызметке деген адалдық пен жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетті. Қиын жағдайды барынша тиімді шешіп, менің сенімімді ақтадыңыз. Сізге зор денсаулық, қызметте табыс және кәсіби жетістіктер тілеймін, – деп ризашылық білдірді Салтанат Мұқарова.
Айта кетейік, Айбек Контарбаев полиция қызметінде 22 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. Ол өзіне бекітілген аумақта тұрғындардың мәселесіне терең үңіліп, үнемі қолдау көрсетуімен танылған.
Павлодар облысының полиция департаменті тұрғындардың жылы лебіздері мен әлеуметтік желілерде қалдырған алғыс сөздері үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Қоғамның сенімі – біздің басты жетістігіміз.