ҚР ІІМ Ұлттық ұлан БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырды
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы журналистерге «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің 25 жылдығына арналған пресс-тур ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінде арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің 25 жылдығына арналған пресс-тур өткізді.
Шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олар әскери қызметшілердің қызметімен және тұрмысымен танысып, әскери қалашық инфрақұрылымын аралады. Әскери қызметшілермен бірге қызметтік атмосфераны сезінді. Пресс-тур аясында қонақтар казармаларды, сондай-ақ әскерилердің асханасын аралап, жауынгерлерге арналған тағамдардың сапасын бағалады. Әрбір қатысушы ас рационының барлық қажетті талаптарға сай екеніне көз жеткізді.
Техника мен қару-жарақ көрмесінде құқықтық тәртіп әскерінің қолданысында бар қару-жарақ, байланыс құралдары мен түрлі жабдықтардың заманауи үлгілері ұсынылды. Әсіресе, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әрекет ету техникасының көрсетілімі қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар ату тирінде арнайы бөлім жауынгерлерінің жоғары деңгейдегі дайындықтарына тәнті болды.
Сондай-ақ кинологиялық орталықтағы бағдарламалар да қонақтардың ерекше назарын аударды. Мұнда қызметтік иттердің қарулы қылмыскерлерді ұстау, есірткі және жарылғыш заттарды іздеу бойынша әрекеттері көрсетілді. Кинологтардың және олардың төрт аяқты серіктерінің жоғары кәсібилігі қонақтардың таңданысын тудырып, қошеметтеріне ие болды.
Бұдан бөлек журналистер Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау конкурсына қатысты. Сайыс қатысушылардың ептілігі мен зейінің тексеруге арналған. Шараның нәтижесінде ең үздік қатысушылар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің атынан алғыс хаттармен марапатталды.
— Бізге осындай көп журналистің келгені бірінші рет. Біз ашық диалогты қолдаймыз. Сарбаздарымыз барында халық алаңсыз ұйықтай алады, елімізде бейбітшілік болады. «Отанды қорғау» деп аталатын қызмет бар. Біз оны еліміздің өркендеуі жолында орындауға дайынбыз!, – деді 5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжанов.
Айта кетейік, іс-шара мәдени бағдарламамен қорытындыланды. Елордалық бригаданың Мәдениет және демалыс орталығында Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі өз өнерлерін паш етті. Үлгілі оркестр әскери-патриоттық композицияларды орындап, Құрмет қарауыл ротасы ерекше дефилесін көрсетті.
Осылайша пресс-тур қонақтарға Отан қорғаушылардың өмірін өз көздерімен көруге және олардың кәсібилігін бағалауға тамаша мүмкіндік берді. Осыған ұқсас шаралар қоғам мен Қарулы Күштер арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына деген құрмет пен сенімді қалыптастыруға көмектеседі.