Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыдағы балалар колониясында «Кітап оқуға құштарлық!» жобасы өтті

Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №11 мекемесінде жазасын өтеуші жасөспірімдер үшін «Кітап оқуға құштарлық!» атты шектеусіз оқу жобасы аясында ерекше іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл рухани шараға Алматы қаласының Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жұмахан Нұлыхан мен Шарайна Құмарова әділ қазылық етті. Сонымен қатар мекемедегі жалпы білім беретін мектептің тіл мамандары А. Алиева мен Е. Бутенко да белсене қатысты.

Іс-шарада он төрт жазасын өтеугі жасөспірім өздері оқыған көркем шығармаларды таныстырып, олардың мазмұнын, тәрбиелік мәнін, үлгі аларлық тұстарын шебер жеткізді. Жырларды нақышына келтіріп мәнерлеп оқу, прозалық туындыларды әсерлі баяндау арқылы олардың кітап оқуға деген қызығушылықтары мен шынайы құштарлықтары анық байқалды. Оқушылардың жүрегінен орын тапқан шығармалар қатарында Ұлы Абайдың өлеңдері, Бейімбет Майлин, Бердібек Соқпақбаев, Асқар Сүлейменов секілді қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының туындылары, Агата Кристидің детективтері, орыс классиктерінің шығармалары, сондай-ақ қазіргі заманғы әдебиет өкілдерінің еңбектері де бар.

Жастардың бос уақытын пайдалы өткізіп, көркем әдебиетке бет бұруы лайықты бағаланды. Белсенді қатысушылар мекеме басшылығы атынан алғыс хаттармен және сый-сияпаттармен марапатталды.

Іс-шара соңында мекеме бастығы Алмат Сүлейменов қонақтарға алғыс айтып, жасөспірімдерді көркем әдебиет арқылы білімге, рухани даму мен тіл байлығын арттыруға, әдеби мұраларды дәріптеп, насихаттауға шақырды.

– Бұл жоба – жас ұрпақтың саналы болашағына бағытталған маңызды қадам, – деді ол.

Іс-шара барысындағы әрбір сөз, әрбір оқылған шығарма жасөспірімдердің жан-дүниесіне үміт сәулесін ұялатқандай болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру