Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» тақырыбында кездесу өтті

Қызылордада «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» тақырыбында кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оның жолын кесу мақсатында Б. Шалғынбаев атындағы №217 IT мектеп-лицейінде маңызды кездесу ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға Қызылорда қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының бастығы Еркебұлан Мұханов және ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкері Бибінұр Байменова қатысты.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері жоғары сынып оқушыларымен ашық пікір алмасып, қылмыссыз қоғам қалыптастыру жолында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгіме өрбітті.

Полиция қызметкері Бибінұр Байменова жасөспірімдерге заңнама талаптарын түсіндіріп, олардың құқықтары мен міндеттеріне тоқталды. Әсіресе түнгі 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда болуға және түнгі 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз немесе заңды өкілінің ертуінсіз жүруге тыйым салынатынын еске салды. Кездесу барысында балалар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлері мен олардың салдары мысал ретінде келтірілді. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершіліктің түрлері мен салмақтылығы егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Оқушыларға құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында бейнероликтер көрсетіліп, олардың ой-пікірлері тыңдалды. Кездесуге қатысушыларға жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының маңызы айтылды.

Кездесу барысында оқушылар мен ұстаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция өкілдерінен нақты әрі толық жауаптар алды. Ашық диалог түрінде өткен іс-шара қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдерге құқықтық білім беру бағытында маңызды рөл атқарды.

Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру