Абай облысында ҚАЖ зейнеткерін 70-жылдық мерейтойымен құттықтады
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Ғалымжан Балтабаев ҚАЖ зейнеткері Алхан Омарбековты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алхан Әзизханұлы ҚАЖ жүйесінде ұзақ жылдар қызмет еткен және мекеме бастығы болған басшылардың бірі. Бүгін ҚАЖ ардагері 70 жасқа толды. ҚАЖ Абай облысы бойынша департамент бастығы Ғалымжан Балтабаев ардагерді мерейтойымен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
Алхан Азизханұлы Омарбеков 1954 жылы 15 желтоқсан айында Шымкент облысында (қазіргі Түркістан облысы) дүниеге келген. 1972 жылы мектепті бітіріп, 1973-1975 жылдар аралығында әскери борышын атқарды. 1976-1981 жылдары Семей Педагогикалық институтының «Педагогика және тарих» факультетін бітірді. 1981-1984 жылдары комсомол органдарында басшылық қызметкері болып жұмыс атқарды. 1984 жылдың 6 қыркүйегінде жолдамамен Семей облыстық ішкі істер басқармасына саяси бөлімінің нұсқаушысы (инструктор) болып тағайындалды. 1989 жылдың ақпан айында облыстық тергеу изоляторы бастығының саяси жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне ауысып, 1992 жылдың желтоқсан айынан аталған изолятордың бастығы болып тағайындалды. 2003 жылдың қыркүйек айында ұзақ жылдар адал қызметі үшін әділет полковниге шенінен зейнетке шықты. Зейнетке шықса да Алхан Азизханұлы қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Ішкі істер саласының қызметін насихаттап қаладағы оқу орындарының студенттері алдында дәрістер оқып, жиі-жиі әңгімелер өткізді. Қалалық, облыстық және республикалық баспасөз беттерінде мақалалар жариялап, ішкі істер органдарының, қызметкерлерінің және полиция бөлімі ардагерлерінің беделін көтеруге өзінің үлесін қосып келеді. Қазіргі уақытта еңбегінің зейнетін көріп, құрметті демалыста.
Қызмет барысында өзін білікті маман, тәжірибелі басшы ретінде көрсете білді. Заңдылықты сақтап, қарамағындағы қызметкерлерден де талап етті. Қызмет атқару барысында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігімен, қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен, ШҚО бойынша ҚАЖ департаментімен бірнеше рет марапатталған. Қала өміріне белсене араласып, жастар арасында тәлім-тәрбие шараларына қатысқаны үшін Семей қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, медальдармен, «ІІМ құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Қазіргі уақытқа дейін жас мамандармен мол тәжірибесімен бөлісіп отырады.
⠀ – Біз облысымыздың қылмыстық-атқару жүйесін қалыптастыруға өз үлесін қосқаны үшін Алхан Азизханұлына алғысымызды білдіреміз. Сізге денсаулық, ұзақ өмір тілейміз және жақындарыңыз бен туыстарыңыз аман болсын. Қызметіңіз бен еңбегіңіз үшін рақмет, — деді Ғалымжан Мұқатайұлы.⠀