Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер павлодарлық кадеттер арасында көңілді старттар өткізді

Павлодарда полицейлер кадеттер арасында көңілді старттар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа жыл қарсаңында Тереңкөл ауданының Песчаное ауылында Павлодар облысының полицейлері кадет сыныптарының оқушылары арасында ерекше «Көңілді старттар» жарысын ұйымдастырды.

Шараның салтанатты ашылуында Павлодар облысы полиция департаменті кадр жұмысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ренат Киреев сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

– Кадет сыныптары ішкі істер саласының қаза тапқан қызметкерлері Ахметқали Тезекбаев пен Фарид Какабаевтың құрметіне ашылған. Бұл сыныптарда болашақ тәртіп сақшылары құқықтық сауаттылықтың негіздерін үйреніп, саптық дайындықтан өтеді. Бүгінгі жарыс арқылы біз жас ұрпақтың дені сау, мықты әрі белсенді болуына үлес қосып, спортқа деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Сонымен қатар, мұндай шаралар кадет мектептерінің ұжымдарын бірлікке шақырады, – деді ол.

«Көңілді старттар» бағдарламасы қатысушылардың спорттық шеберліктерін шыңдауға бағытталған. Әр эстафетада оқушылар жылдамдықтарын, ептіліктерін және командамен жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті. Әрбір оқушы мәреге бірінші болып жетуге бар күш-жігерін салды.

Жарыс қорытындысы бойынша №1 мектептің оқушылары ең жылдам әрі шебер деп танылды.

«Ең мықты» номинациясында Владимир Василевкий үздік атанса,» Ең жылдам» марапатын Кәрім Жақыпов иеленді. «Ең епті» аталымында Александра Полищук топ жарды.

– Жеңіс басты мақсат емес, – дейді оқушылар жарыстан кейін. – Бастысы – достарымызбен уақытты көңілді әрі пайдалы өткізіп, денсаулығымызды нығайту және жағымды эмоцияларға толы болу.

Шара соңында барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен, грамоталармен және кубоктармен марапатталды.

Осындай игі бастамалар жас ұрпақтың дені сау әрі белсенді болып өсуіне үлес қосып қана қоймай, оларды жауапкершілікке, бірлікке және өзара қолдауға баулитыны сөзсіз.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру