Павлодарға Қарағанды мен Қостанай академияларының өкілдері келіп, жастармен кездесті
Павлодарға Қарағанды мен Қостанай академияларының өкілдері келіп, жастармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамандық таңдау – болашаққа жасалатын маңызды қадам. Полицей қызметі – батылдық пен жауапкершілікті талап ететін абыройлы мамандық. Бұл жолды таңдағандар қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолында қызмет етумен қатар, тұрақты мансап құру мүмкіндігіне ие болмақ.
Осы тақырып аясында Павлодар облысына Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бөлім бастығының орынбасары Мейрам Нығметов пен Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқытушысы Сүндет Бексұлтан арнайы іссапармен келді.
Кәсіби бағдар беру жұмыстары шеңберінде өкілдер Павлодар қаласының мектеп түлектерімен, 5512 және 6679 әскери бөлімдерінің сарбаздарымен, кадеттермен кездесу өткізді. Сондай-ақ @dp_pavlodar Instagram аккаунтында облыстың жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған тікелей эфир ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында қатысушыларға ІІМ-нің жоғары оқу орындарына түсу талаптары, оның шарттары мен артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, тәртіп сақшысы болғысы келетіндерге қойылатын талаптар мен оқу орындарының ерекшеліктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Мүмкіндіктер мен артықшылықтар:
Жатақханамен қамтамасыз етілу;
Формалық киім-кешекпен жабдықталу;
Шәкіртақы алу;
Тегін тамақтану;
Оқу мерзімінің әскери қызметке теңестірілуі.
Оқушылар мен студенттер оқу орындары, мамандықтар, дайындық курстары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толық мағлұмат алды. Мұндай шаралар олардың болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауына бағыт береді.
Кездесу соңында тәртіп сақшылары барлық сұрақтарға жауап беріп, жастарды ішкі істер органдарына қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар, қатысушылардың болашақта дұрыс шешім қабылдап, өз мамандықтарын мақтанышпен игеретініне сенім білдірді. Қонақтарға осындай маңызды кездесулер ұйымдастырғаны үшін алғыс айтылды.