Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталғандар қарияларға мерекелік сый жасады

Абай облысында сотталғандар қарияларға мерекелік сый жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысындағы қауіпсіздігі аралас мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандар қарттар үйінде тұратын қарияларға ерекше сый жасады. Олар Жаңа жыл мерекесіне арналған концерттік бағдарламаға орыс халқының ұлттық киімдерін тігіп, Семей қаласының белсенді қарияларын қуантты.

Әйелдер мен ерлерге арналған ұлттық киімдер арнайы осы мерекелік шара үшін тігіліп, сахнаға шыққан өнерпаздардың сәнін келтірді. Концертке қатысқан қарттар киімдердің сотталғандар қолынан шыққанын естігенде ерекше ризашылықтарын білдірді.

– Қоғамнан оқшауланған азаматтардың осындай жанашырлық танытуы – жүректі жылытатын көрініс. Қарттарымыз концерт көргенді өте жақсы көреді, әсіресе денсаулығы төмен азаматтар үшін бұл үлкен қуаныш. Белсенді замандастарының өнерін тамашалау олар үшін шынайы мереке, – деді Семей қаласының қарттар үйінің музыкалық жетекшісі Бақыт Кәптағанова.

Бұл шара сотталған азаматтардың қоғамнан толықтай алшақ емес екенін, олардың да жақсылық жасауға ұмтылатынын көрсетті. Осындай бастамалар мен іс-шаралар қарттарға да, темір тордағы азаматтарға да ерекше мән-мағына сыйлайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру