Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі ПД балаларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтады

Көліктегі ПД балаларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаменті қызметкерлерінің жаңа жыл қарсаңында балаларды құттықтайтын қалыптасқан дәстүрі бар. Бұл жолы көлік полицейлерінің балаларына арналған жаңа жылдық ертеңгілік астанамыздағы «Жастар» театрында өтті.

Мерекелік ойын-сауықты ұйымдастырушылар бүлдіршіндерге зор денсаулық, ұзақ өмір, армандарының орындалуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, көлік полицейлері балаларды қысқы демалыс уақытында темір жол көлігі аумақтарында болған кездерінде мұқият болып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

Расында, балаларды кез-келген мерекемен, әсіресе жаңа жыл мейрамымен құттықтаған өте ерекше. Барлық балалар Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтіп, қуанышпен қарсы алды. Мерекелік сәнді киімдерін киіп, өлең айтып, би биледі. Әр қатысушыға жаңа жылдық тәтті сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік іс-шара «Қар ханшайымы» спектаклін тамашалаумен жалғасты.

Қызықты билер мен көңілді ән-күйлер жаңа жылдың балалар үшін ең ерекше мереке екендігін паш етіп жатты. Бүгін балалар есте қалар атмосфераға бөленді.

Мысалы, 4 жасар Мәди мен 2 жасар Адина жаңа жылдық мерекеге әкесі Қанатпен бірге келді. Полиция лейтенанты Қанат Темірханов департаменттің ақпарат және байланыс басқармасының бөлім бастығы.

– Балаларымыз шынайы қуанып, мәз-мәйрем болды. Мерекелік ертегіге сенгені соңшалық, біз өзімізді бір сәтке сиқыршы сезіндік. Біз үшін ең үлкен сыйлық — бұл балалардың бақытты көздері мен олардың сыңғырлаған күлкілері, – дейді ол.

Мерекелік іс-шара соңында балалар ата-аналарына ұйымдастырылған мереке үшін алғыс айтып, келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру