Алматы аялдамаларында есірткіге қарсы ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп жатыр
Алматы аялдамаларында есірткіге қарсы ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда полиция есірткіге қарсы әлеуметтік жарнаманы шығарды.Тәртіп сақшылары қоғамды есірткі қылмысымен бірлесіп күресуге шақырады. Осы мақсатта қала әкімдігінің қолдауымен Алматыдағы 42 аялдамада полицияның сенім телефондары бар тақырыптық ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп жатыр.
Әлеуметтік өнім азаматтардың назарын қазіргі заманның қасіретіне және есірткіні қолданудан болатын зардаптарға аудару мақсатында жасалды.
– Есірткі тарату туралы ақпаратты байқаған кез келген адам көрсетілген телефон нөмірлері бойынша бізге қоңырау шала алады және бұны анонимді түрде жасауға да болады. Құпиялылыққа мемлекет кепілдік береді. Қоғамымызды осы есірткіден арылтып, балаларымызды қорғаймыз десек, бірлесе әрекет етуіміз керек. Осы мақсатта біз адамдарды, есірткі қылмысының куәгері болған немесе тиісті ақпараты бар кез келген азамат тәулік бойы хабарласа алатын сенім телефондары туралы хабардар етеміз, – дейді Алматы қаласы ПД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев.