ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды
ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір полицейлерінің атқарған жұмыстарын бақылап, облыс әкімдігінде кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
С.Сәрсенов Түркістан облысы полиция департаментінің мәжіліс залында департаменттің жеке құрамымен жедел кеңес ұйымдастырып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды талқылады. Облыс полицейлерінің қызметі туралы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы М. Қабденов баяндама жасады.
Жиында анықталған кейбір кемшіліктер мен олқылықтар бойынша сын айтылып, оларды түзету мен ұсыныстарды уақытылы орындау керектігі ескертілді. Сондай-ақ бірқатар басшы құрамға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында жұмысты күшейту, заң мен тәртіпті сақтау қажеттігі тапсырылды.
Одан соң Сәкен Сәрсенов Жедел басқару орталығында цифрлық технологиялардың тиімділігін тексеріп, облыстағы бейнекамералардың жұмысымен танысты. Департаменттің қолданысындағы заманауи цифрлық шешімдер мен технологиялардың тиімділігін бақылады. Түркістан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ. Қайыпбек пен облыс әкімдігі цифрландыру басқармасының орынбасары С. Байгутов та бұл шараға қатысты.
Қызметтік іссапар барысында С. Сәрсенов облыс әкімдігінде облыс әкімі Н. Көшеровпен және әкімдіктің цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы М. Айнабеков пен аппарат басшысы Е. Дауылбаевпен кездесу өткізді.
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов: «Цифрландыру – елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың бірі. Полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану Мемлекет басшысының ішкі істер органдарына қойған басты міндеттерінің қатарында тұр», – деп, әкімдікпен бірлесіп жұмысты одан әрі жандандыруға шақырды.