Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының командалық құрамы жедел даярлықтан өтті

Астанада ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденов және ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың басшылығымен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының басшылық құрамымен үш күндік жедел жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 2025 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірлік қолбасшылықтардың, академияның, бригадалар мен әскери бөлімдер басшылық құрамының офицерлері жедел даярлықтан өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – командирлердің кәсіби деңгейін арттыру және ішкі істер министрі мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының талаптарын бірыңғай түсінуді қалыптастыру.

Бұл ретте жиынды ұйымдастырушылар 2024 жылғы әскерлердің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдарын қорытындылауға және практикалық сабақтарды өткізуге баса назар аударды.

Үш күн бойы жиынға қатысушылар кәсіби-лауазымдық даярлықтың негізгі пәндері бойынша сынақтар тапсырды. Сонымен қатар офицерлер басшылық құжаттар мен бұйрықтарды білу бойынша тестілеуден өтті. Жиында командирлер өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетті, сондай-ақ даярлықтың түрлі пәндері бойынша іс-қимылдарды пысықтады.

– Тәжірибелік сабақтар жоғары деңгейде өткізілді. Командалық құрам қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін өте жақсы меңгергенін көрсетті, бұл тапсырылған сынақтармен расталады. Командалық-штабтық жаттығу тиімді жүзеге асырылды, оның шеңберінде лауазымды тұлғаларды оқытудың бірыңғай тәсілдері әзірленді және басқару буынының жауынгерлік әзірлік деңгейі бағаланды, – деді Аңсаған Балтабеков.

Жиынға қатысушыларға бірінші күні «Әскери бөлімнің елді мекендегі жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу жөніндегі арнайы операциядағы іс-қимылдарын жоспарлау» тақырыбында жедел өнер бойынша және «Қылмыстық-атқару жүйесін күзету, сотталғандар мен қамаудағы адамдарды айдауылдау жөніндегі жауынгерлік қызмет мүддесінде байланыс пен техникалық мүмкіндіктерді ұйымдастыру» тақырыбында байланыс бойынша сабақтар өткізілді.

Тыл және тәрбие, әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирлердің орынбасарларымен теориялық бөлім бойынша компьютерлік тестілеу өткізілді, сондай-ақ дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар қабылданды.

Екінші күні командирлермен және олардың орынбасарларымен әскерлерді басқару бойынша тәжірибелік сабақтар пысықталды. Бұдан басқа, Әскери кеңестің отырысы өтті, онда командалық құрамның офицерлері әскерлердің 2024 жылғы қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын қорытындылауға қатысты. Сол күні кешке ҚР ІІМ Ұлттық ұланының құрылған күніне орай гала-концерт өтті.

Ал жедел жиынның соңғы күні іс-шараға қатысушылармен «Қазіргі заманғы әскери қақтығыстар жағдайында әскери құралымдарды басқару» тақырыбында сабақтар өткізілді. Одан бөлек логистика бойынша заманауи тәсілдерді қоса алғанда, тылдық қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Содан кейін жедел жиынның іс-шараларының қорытындысы шығарылды.

Қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау сапасын арттыру мақсатында 2024 жылы әскерлерде «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» деген ұранмен жауынгерлік сайыс ұйымдастырылды.

Спартакиада қорытындысы бойынша негізгі спорт түрлері бойынша бірінші орынды «Батыс» ӨңҚ командасы иеленді, екінші орынды «Оңтүстік» ӨңҚ командасы иеленді, үшінші орынды 5573 елордалық бригада иеленді. Сондай-ақ дене шынықтыру және спорттық-бұқаралық жұмыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, екінші жүлделі орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы иеленді, үшінші орынды 5573 әскери бөлімі иеленді. Жауынгерлік жарыстың жеңімпаздары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды, ал жедел жиын нәтижелері бойынша ерекшеленген офицерлер ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Біз – Жеңіс мұрагерлеріміз!» ұранымен 2025 жылға арналған жауынгерлік жарыстың бастамашысы ретінде «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімі бекітілді.

Өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдер командирлеріне командирлік даярлық бойынша сабақтар кезінде батальон, рота және взвод командирлерімен жергілікті жерлерде осындай жиындар өткізу міндеті қойылды. Бұл батальон және рота буыны офицерлерiнiң жеке құраммен жұмыс iстеу, қару-жарақ, әскери техника және материалдық қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды сенiмдi қолдану саласындағы бiлiмдерiн, шеберлiктерi мен дағдыларын жетiлдiру үшiн қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру