Жетісуда полиция жоғалған көлікті дер кезінде тапты
Жетісуда полиция жоғалған көлікті дер кезінде тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында тұрғын үйлердің бірінің ауласында көлігін тұраққа қойған Golf автокөліктің иесі 2025 жылдың 1 қаңтарында жағымсыз жағдайға тап болды. Түске таман ол көлігінің жоғалып кеткенін байқап, полицияға жүгінді.
Дәл сол күні таңсәріде, 20 жастағы азамат үйінің ауласына шығып, айналасындағы көліктерді байқайды. Оның көзі жақын жерде тұрған Nissan көлігіне түсіп, есіктерін тартып көріп еді – ашық екен. Жағдайды пайдаланып, ол көліктің капотын ашып, аккумуляторын ұрлайды.
Бірақ бұл әрекетпен тоқтамай, күдікті аулада тұрған Golf көлігін де көздейді. Ол көлікті айдап әкетіп, Алматы қаласына қарай жол тартады. Алайда, түстен кейін өз ісінің ауыр зардабын түсініп, қайта Талдықорғанға оралып, ұрланған көлікті тастап кетеді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын шұғыл ұйымдастырды. Олар оқиға болған аудандағы бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерттеп, күдіктінің ізіне түсті. Осылайша, құқық қорғау органдары қылмыскерді тез арада анықтап, ұстады.
Қазіргі таңда күдіктінің заңсыз әрекеттерінің себептері тергелуде. Оның бұл әрекеттерге не үшін барғаны жақын арада белгілі болады.