СҚО-да 23 тұрғын қаруды сақтау ережелерін бұзған
СҚО-да полицейлер бес күнде қару иелері тарапынан 44 бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында 15 қаңтардан бастап «Қару иесі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері екі мыңнан астам азаматтық қару иесін тексерді.
Іс-шараның басынан 44 құқық бұзушылық анықталды. 23 адам қаруды сақтау ережелерін бұзған. Полицейлер қаруды тек арнайы қару сейфінде сақтау қажет екенін еске салады. Сейфтің ішінде қарудан басқа бөгде заттарды, ақшаны, құнды заттарды және құжаттарды сақтауға тыйым салынады. Сонымен қатар 21 қару иесі қаруды қайта тіркеу мерзімін өткізіп алған. Барлық құқық бұзушыға әкімшілік шара қолданылды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері қарудың ұрлану қаупін азайту үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде бірнеше адам, әсіресе егде жастағы тұрғындар, өздеріне қажетсіз қаруды ішкі істер органдарына тапсыруға ниетті болды немесе оны кейін қайта тіркеу үшін уақытша сақтау туралы шешім қабылдады.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары адамдарды тіркелмеген қаруды ІІО-ға өз еркімен тапсыруға шақырады. Тек қаруды ерікті түрде тапсыру ғана заңсыз сақтау үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады.