"Тұрмыс" ЖПІШ: Павлодарда құқық бұзушылар жауапқа тартылды
"Тұрмыс" ЖПІШ аясында Павлодарда құқық бұзушылар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері "Тұрмыс" жедел-профилактикалық шарасы аясында отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қарқынды жұмыс жүргізді. Құқық қорғаушылар 449 тұрғылықты мекенжайды тексеріп, тұрмыстық құқық бұзушылыққа бейім және полиция бақылауында тұрған адамдармен профилактикалық әңгімелер өткізді. Нәтижесінде 113 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Бір тәуліктің ішінде полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 88 хабарлама түсті. Тексеру барысында 42 адам отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 6 ата-ана өз балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін, ал 37 адам масаң күйде қоғамдық орындарда жүргені немесе ішімдік ішкені үшін әкімшілік жазаға тартылды.
Жалпы, құқық бұзушыларға 29 қорғау ұйғарымы шығарылып, 6 адамға ішімдік ішуге тыйым салу және тәртібіне ерекше талап қою сияқты шектеулер енгізілді.
Мәселен, Екібастұз қаласында азаматтық некедегі ер адам әйелімен жанжал шығарып, балағат сөздер айтып, тіпті үйден қуып жіберемін деп қорқытқан. Осындай қорлыққа шыдамаған әйел полициядан көмек сұрады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген ер адам жауапқа тартылып, сот жәбірленушінің құқығын қорғау мақсатында оған 30 тәулікке қорғау ұйғарымын шығарды.
Тағы бір жағдай Павлодар қаласында тіркелді. 46 жастағы ер адам өзінің 70 жастағы анасымен жанжалдасып, оған ауыр сөздер айтып, қорлаған. Бұған дейін сот ол азаматқа ішімдік ішуге тыйым салатын ерекше талап қойған болатын. Бұл жолы да анасы полицияға жүгініп, ұлына қатысты шара қолдануды сұрады. Нәтижесінде, ер адам отбасылық құқық бұзушылығы үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар, сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, іс материалдары сотқа жолданды.
Полиция департаменті құқық бұзушылардың міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертті. "Заң және тәртіп" қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала бермек. Бұл қағидат азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен батыл әрекеттері көптеген жәбірленушілерді қорғап, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.