Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда сотталған балалар колледж куәлігін алды

Алматыда сотталған балалар колледж куәлігін алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №11 мекемесінің аумағында “№ 02 кәсіптік-техникалық мектеп” мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Аталған мектеп өткен жылы Алматы қаласының білім басқармасының бастамасымен Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжімен біріктірілген болатын.

Қазіргі таңда №11 мекемеде жазасын өтеуші жасөспірімдер “Электрдәнекерлеуші”, “Металл бойынша токарь” және “Механикалық жинау жұмыстарының слесары” мамандықтары бойынша білім алуда. Әр топта оқыту мерзімі алты айды құрайды, бұл уақыт аралығында әр бала үш мамандықты игеріп шығады.

Колледж білім алушылары кәсіптік-техникалық мектептің цехтарында өндірістік тәжірибеден өтіп, біліктілік емтихандарын тапсырады. Жуырда 7 жазасын өтеуші жасөспірім “Механикалық-құрастыру жұмыстарының слесары” курсын сәтті аяқтап, мемлекеттік үлгідегі куәліктерге ие болды.

Куәліктерді табыстау рәсіміне Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің директоры С.Сүлейменов және №11 мекеме бастығы А.Сүлейменов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

- Сотталған балалар жазасын өтеп шыққан соң жұмысқа орналасып, табыс тауып, өмірлерін жаңа арнаға бұра алады. Мекеме қабырғасында жүріп, кәсіптік білім алу – олардың болашақ жарқын өмірлерінің алғашқы баспалдағы. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаев 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялады. Бұл елімізде жұмысшы мамандықтарына деген сұраныстың артып отырғанын көрсетеді. Біздің басты міндетіміз – сотталған балалардың осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына ықпал ету, – деді мекеме басшысы А.Сүлейменов.

Сонымен қатар Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің директоры С.Сүлейменов биылғы жылдың күзінен бастап жазасын өтеуші жасөспірімдерге шәкіртақы тағайындалатынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру