Елордалық тұрғын 36 млн теңге несие ресімдеп, алаяққа аударып жіберген
Елордада тағы бір интернет-алаяқтық әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет технологияларының қарқынды дамуы өмірімізді жеңілдетіп қана қоймай, алаяқтардың да мүмкіндіктерін арттырды. Соңғы жылдары интернет алаяқтықтың түрлері көбейіп, зардап шеккендердің саны артуда.
Елордада алаяқтық қылмысы әшкереленіп, нәтижесінде қылмыскердің көршілес Ресей еліндегі сыбайласымен бірге қылмыстық пиғылдарын жүзеге асыру үшін SIM-карта жасайтын компания ашып, бір реттік SIM-карталар шығарып, адамдарды алдағаны мәлім болды.
Күдікті жәбірленушіге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде айтып алдайды. Ол қала тұрғынына арнайы шот ашуға, алты түрлі банктен несие рәсімдеуге көндіреді. Сеніп қалған жәбірленуші 36 млн теңгеге жуық кредит рәсімдеп, күдіктінің шотына жібереді.
Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде интернет-алаяқтығы бойынша қылмыс жасаған 37 жастағы азамат ұсталды.
Күдіктінің үйін тінту кезінде 3 ұялы телефон, симбокс аппараты, арнайы ноутбук және көп мөлшерде бір реттік SIM-карталар, түбіртектер тәркіленді. Бұл құралдар қылмыскерге көп адамға хабарласуға, олардың жеке деректерін алуға және қаржылық алаяқтық жасауға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның тағы 4 ірі алаяқтық қылмысына қатыстылығы анықталуда.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады. Жеке және қаржылық мәліметтерді бейтаныс адамдарға ешқашан бермеңіз, банктерден немесе мемлекеттік органдардан келген қоңырауларды мұқият тексеріңіз, күмән туындаса ұйымның ресми байланыс нөмірлеріне хабарласыңыз.
Интернет алаяқтықтың құрбаны болған немесе күдікті жағдайға тап болған жағдайда, сізге белгісіз шоттарға ақша аудару туралы өтініш түссе, құқық қорғау органдарына жедел хабарласыңыз.