Өзгенің банк картасын пайдаланып сауда жасаған астаналық тұрғын ұсталды
Өзгенің банк картасын пайдаланып сауда жасаған астаналық тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада 59 жастағы тұрғын банк картасынан белгісіз адамдардың сауда жасағанын мобильді қосымша арқылы байқап, бірден полицияға жүгінді.
Жәбірленушінің айтуынша, ол банк картасын бір күн бұрын жоғалтып алған. Алайда картасын бұғаттауға асықпаған. Ал келесі күні оның шотынан түрлі дүкендерде жасалған төлемдер туралы хабарламалар келе бастаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – елордада тұратын 47 жастағы әйел болып шықты.
Әйел адам картаны тұрғын үй ауласынан тауып алғанын мойындады. Бірақ оны иесіне қайтарудың орнына, екі күн бойы дүкендерден азық-түлік сатып алып, картадағы ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Залал мөлшері – 50 мың теңге.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды сақ болуға шақырады. Жеке мүліктің, соның ішінде банк карталары мен құжаттардың қауіпсіздігін мұқият қадағалау қажет. Егер картаңызды жоғалтып алсаңыз, дереу банкке хабарласып, оны бұғаттау – қаражатыңызды сақтап қалудың ең сенімді жолы.