Ақтөбе облысында марқұм полицейдің атына "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Ақтөбе облысында қаһарман полицей атына "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 қаңтарда Байғанин ауданыны Қарауылкелді ауылындағы №3 орта мектепте қызмет бабында қаза тапқан полиция аға сержанты Айдос Буранбаевтың атына "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды.
Патрульдік полиция қызметкері Айдос Боранбаев 2011 жылы Темір ауданының Шұбарши ауылында экстремистік сипаттағы лаңкестермен қарулы қақтығыс кезінде ерлікпен қаза тапты.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің бұйрығымен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді көздеген шара барысында Байғанин ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жансерік Шәлиев жас жеткіншектерді Отанды сүюге, тәртіпті де тәрбиелі болуға шақырды. Сонымен қатар қаһарман сақшы Айдос Боранбаевтың ағасы Қонарбек Есқазинді батыр іні тәрбиелегені үшін арнайы алғыс хатпен марапаттады. Ерекше толқыныс пен қуаныш сезімінде болған жас сақшылар салтанатты түрде ант қабылдап, Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусуповтің қолы қойылған "Жас сақшы" куәлігін алды.
Шараға арнайы шақырылған ІІО ардагерлері жеткіншектерге ақ тілектерін айтып, батыр ағаларының атын ұлықтаған сыныптың тыңдаушысы ретінде әрдайым абыройлы, адал азамат болуға шақырды. Сонымен қатар батыр полицейдің есімімен аталатын "Жас сақшы" полиция сыныбын салтанатты ашу барысында Байғанин ауданы полиция бөлімі мен №3 Қарауылкелді орта мектебі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.