Елордада сауда үйінен бірнеше күрте ұрлаған күдікті анықталды
Елордада сауда үйінен бірнеше күрте ұрлаған күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордадағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан әйелдер киімі дүкенінің қызметкерлері төрт күртенің жоғалғанын айтып, полицияға жүгінді. Шығын көлемі шамамен 100 мың теңгеден асқан.
Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу нәтижесінде Нұра ауданы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері 31 жастағы әйел адамды анықтады. Ол үш рет қайтара дүкенге кіріп, күртелерді байқатпай алып кетіп тұрған.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған заттар алынып, тергеу амалдары аяқталған соң иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда техникалық жабдықталудың жоғары деңгейі, күзет ұйымдарымен және бизнес нысандарының қауіпсіздік қызметтерімен тығыз ынтымақтастық қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. Сауда орындарында ұрлық жасау барған сайын қиындап келеді, ал орын алған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі тез арада немесе "ізін суытпай" ашылады.