Атырау облысында өткен жылы есірткіні жарнамалайтын 100-ден астам граффити жойылды
Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қаладағы граффити мәселесіне қатысты рейдтік іс-шара жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты — заңсыз граффити мен басқа да кескіндемелерді жою арқылы қоғамдық орындардың көрінісін жақсарту және қылмыстық әрекеттердің алдын алу болып саналады.
2024 жылы бірлескен іс-шаралар нәтижесінде есірткіні жарнамалайтын 100-ден аса граффити жойылды.
Айта кету керек, Қазақстанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді насихаттағаны және заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы ретте, полицейлер есірткі заттарының граффити жарнамасына куә болған адамдардан 30-59-59 телефоны арқылы анонимді түрде хабарласуын сұрайды.