Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Браконьер" ЖПІШ: полиция өскемендік азаматтан 50 келі балық тәркіледі

ШҚО-да "Браконьер" ЖПІШ барысында бес күн ішінде 110-нан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс аумағында 1-28 ақпан аралығында республикалық "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – биоресурстарды заңсыз пайдалануға қарсы күрес, экологиялық құқық бұзушылықтардың жолын кесу және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылау.

Операция аясында полиция қызметкерлері мен табиғат қорғау органдарының өкілдерінен құралған мобильді топтар жасақталды. Күзет топтары тасжолдар мен "Шеп" жүйелері бекеттерін патрульдеуді жүзеге асырады, көліктерді тоқтатып, қару ұстауға, аңшылық, балық аулау, ағаш кесу және басқа да табиғатты пайдалану түрлеріне қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексереді.

Іс-шара басталғалы 110-нан астам құқық бұзушылық анықталып, заңсыз аң аулау және балық аулау фактілері бойынша екі сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. 72 азамат аң аулау қағидаларын сақтамағаны үшін, 34 азамат балық аулау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Марқакөл ауданында полиция қызметкерлері Өскемен қаласының тұрғыны тізгіндеген Skoda Octavia көлігін тоқтатқан. Көліктің жүксалғышынан қажетті құжаттарсыз 50 келі көксерке балығы табылған. Ер адам балықты бейтаныс адамдардан сатып алғанын айтқан. Заң бұзушыға қатысты әкімшілік материал толтырылып, әрі қарай тексеру үшін Күршім ауданының балық инспекциясына жолданды.

Сонымен қатар ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу жағдайлары да тіркелді.

Тәртіп сақшылары табиғат қорғау заңнамасын сақтау қажеттілігін және браконьерлік үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру