БҚО ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері әріптестерін зейнеткерлікке шығарып салды
БҚО ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері әріптестерін зейнеткерлікке шығарып салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау саласында табанды еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарған жандарды зейнеткерлікке шығарып салу – құрмет пен ізеттің айқын көрінісі. Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №74 мекемесінің ұжымы әділет майоры Аманжол Асқарұлы мен әділет старшинасы Жазира Мұханбетжанованы салтанатты саптық шерумен зейнеткерлікке шығарып салды.
Салтанатты рәсімге №74 мекеме бастығы С.Койшыбаев бастаған 50-ге жуық қызметкер қатысып, әріптестеріне құрмет көрсетті.
Аманжол Асқарұлы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2011 жылы РУ-170/2 мекемесінде бақылаушы қызметінің маман-бақылаушысы ретінде бастаған. Біліктілігі мен табандылығының арқасында абырой биігінен көрініп, мекеме бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласына адалдықпен қызмет еткен ол әділет майоры шенімен зейнеткерлікке шықты.
Жазира Сапарқызының еңбек жолы да құрметке лайық. Ол 2007 жылы РУ-170/2 мекемесінде тексеріс тобының бақылаушысы болып қызметке кірісіп, кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығының нәтижесінде режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы деңгейіне жетті. Жауапкершілігі мен қажырлы еңбегі бағаланып, әділет старшинасы шенімен құрметті демалысқа аттанды.
Қос ардагердің адал еңбегі елеусіз қалмады. Қызмет барысында олар бірнеше рет департамент пен комитет басшылығының марапатына ие болды. Саптық шеру кезінде №74 мекеме бастығы С. Койшыбаев олардың құқық қорғау саласына қосқан үлесін атап өтіп, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Өз кезегінде Аманжол Асқарұлы мен Жазира Сапарқызы ұзақ жылдар бірге еңбек еткен әріптестеріне шынайы ризашылығын білдіріп, жас мамандарға сәттілік тіледі.
Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет еткен жандарды құрметпен зейнетке шығару – дәстүрге айналған игі іс. Бұл рәсім – олардың қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға ғана емес, сондай-ақ адал қызметтің, кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі. Жас буын осындай абзал азаматтардан өнеге алып, қызметке деген жауапкершілігін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.