Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында бір ауылы түгелдей ішімдіктен бас тартқан

Атырау облысының бір ауылы түгелдей ішімдіктен бас тартқан, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қызыл үй ауылы өзге елді мекендерге үлгі боларлық бастаманы жүзеге асырып келеді. Бұл ауыл тұрғындары ішімдіктен түбегейлі бас тартып, салауатты өмір салтын берік ұстанып жүр. Нәтижесінде мұнда соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Ауылда алкоголь өнімдерін сататын дүкендер атымен жоқ. Ең бастысы тұрғындар ішімдік тұтынудан саналы түрде бас тартқан. Бұл тек қылмыстың алдын алуға ғана емес, жалпы ауылдағы тыныштық пен ынтымақтың нығаюына ықпал етті.

Ауыл ақсақалдары бұл шешімді қоғамның игілігі үшін қабылдағандарын айтады.

- Ішімдік – жамандықтың бастауы. Біз ауылымыздың болашағы үшін оның сатылуына да, тұтынылуына да жол бермеуді ұйғардық. Бұл – тек қауіпсіздік үшін ғана емес, рухани тазалықты сақтау жолындағы маңызды қадам, – дейді ауыл қариялары.

Олардың бұл бастамасын жастар да қолдап, ауылдағы татулық пен тәртіпті сақтау жолында ортақ шешімге келген.

Ауыл әкімінің айтуынша, Қызыл үй тұрғындарының ұстанымы – тек ішімдіктен бас тарту ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа дұрыс тәрбие беру.

- Болашақ – саналы ұрпақтың қолында. Ауылымыздағы бұл бастама – ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің, рухани тазалығымыздың айқын көрінісі. Қоғамда мұндай игі дәстүрлерді дамыту – бәріміздің ортақ міндетіміз, – дейді ауыл басшысы.

Қызыл үйдің бұл таңдауы – жай ғана шешім емес, бүкіл қоғам үшін өнеге. Ішімдіксіз өмірді қолдаудың арқасында ауылда ұрлық, бұзақылық, жанжал секілді келеңсіз жағдайлар мүлдем жойылған. Тұрғындар берекелі тірлік кешіп, ауылдың тазалығына, көркеюіне бір кісідей атсалысуда.

Қызыл үй ауылының тәжірибесі – Қазақстанның өзге ауылдары үшін үлгі. Бұл бастама салауатты өмір салты мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың айқын көрсеткіші болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру