Учаскелік полиция инспекторының бір күні
Polisia.kz сайты Қызылорда облысында тұрғындардың тыныштығын күзетіп жүрген учаскелік полиция инспекторы жайлы әңгімелеп береді.
Қоғамның қауіпсіздігі үшін өз өмірін қатерге тігіп, күнделікті қызметін адал атқарып жүрген полицейлердің еңбегі зор. Түрлі оқыс оқиғалардың ортасында жүретін бұл мамандық иелерінің бір күндік жұмысы көпшілікке қызықты екені сөзсіз. Полиция лейтенанты Нұржан Омаров – халықпен тығыз жұмыс істейтін учаскелік инспектор әрі екі баланың әкесі.
Нұржан Сырдария ауданы полиция бөлімінің №1 әкімшілік аймағында қызмет атқарады. Оның жұмыс күні таңғы 09:00-де басталып, кешкі 22:00-ге дейін жалғасады.
Таңертең саптық жиыннан кейін қызметкерлер өздеріне тиесілі қару-жарағын алып, жергілікті полиция қызметінің бастығы қатысатын лездемеге жиналады. Бұл жиында азаматтардан түскен арыз-шағымдар, аймақта орын алған оқиғалар, кеткен кемшіліктер және жергілікті тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында атқарылатын жұмыстар талқыланады.
– Учаскелік полиция қызметкерлерінің басты міндеті – әкімшілік аумақтағы қоғамдық тәртіпті бақылау және қылмыстың алдын алу. Біз жергілікті халықпен танысып, олармен үнемі байланыста болу арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға тырысамыз, – дейді учаскелік полиция инспекторы.
Осылайша, учаскелік инспектордың әр күні қауырт жұмысқа толы. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықпен етене жұмыс істеу – оның басты міндеті.