Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тыныштықтың ар жағындағы жауапкершілік: жедел кезекшінің 24 сағаты

Полицияның тәулік бойғы қызметінде жедел кезекшінің орны ерекше. Ол "102" нөміріне түскен әр қоңырауды қабылдап, хабарламаның сипатына қарай тиісті қызметтерді оқиға орнына бағыттайды. Шағын ауданның өзінде бір тәулікте қанша қоңырау түседі, оның қаншасы шұғыл, ал әр хабарлама бойынша қандай жұмыстар атқарылады? Жәнібек аудандық полиция бөліміндегі бір тәуліктік кезекшіліктің барысын Polisia.kz сайты оқырман назарына ұсынады.

Жәнібек – БҚО Ақжайық өңіріндегі шағын әрі тыныш аудандардың бірі. Мұнда 14 мыңнан астам адам тұрады. Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен түрлі оқиғаларға жедел әрекет ету міндеті полицияның тәулік бойғы қызметін талап етеді.

Осы жұмыстың негізгі буындарының бірі – жедел кезекші. Жәнібек аудандық полиция бөлімінің жедел кезекшісі Елдос Карабалиев тәуліктік кезекшілікті қабылдады. Алда оны 24 сағаттық кезекшілік, "102" нөміріне түсетін қоңыраулар және әр хабарлама бойынша тиісті шешім қабылдау міндеті күтіп тұр.

Алғашқы хабарламалар көп күттірмеді. Сағат 08.15-те Ресеймен қатынайтын теміржолдың 153-шақырымында мал жүргені туралы диспетчерден ақпарат түсті. Жедел кезекші бұл аумаққа дереу учаскелік полиция инспекторын жіберді. Артынша ауыл тұрғынының велосипеді ұрланғаны, кейін телефон жоғалғаны туралы хабарламалар келіп, екі жағдай бойынша да жедел-тергеу топтарын оқиға орнына бағыттады. Малы ұрланғаны жөнінде шалғай ауылдағы бір азамат хабарласты. Оған да жауапты қызметкерді жіберді. Отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы шақыртуға отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға жауапты инспектор барса, трасса бойында қараусыз жүрген мал туралы хабарлама бойынша тиісті қызметкерлер жолға шықты. Осы аралықта болған жол-көлік оқиғасына да жол-техникалық полиция қызметкерлерін жедел аттандырып, қажетті шараларды қабылдады.

Ең күрделі шақырту түнде түсті. Ұзынкөл ауылы маңындағы дала өрті туралы шұғыл хабарлама жедел кезекшінің пультіне келіп түсті. Ақпаратты алған сәттен бастап жедел кезекші бөлімнің басшылығына дереу хабарлап, жеке құрамды түгел көтеріп, барлығы өрт болған аумаққа аттанды. Түн қараңғысында  қызметтік көліктер бірінен соң бірі жолға шықты. Мұндай сәтте әр минуттың маңызы зор. Полиция қызметкерлері аумақтағы жағдайды бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өрт сөндіруші әріптестерінің жұмысына қолдау көрсетуге кірісті.

1 тәулік ішінде аудандық полиция бөліміне 20-ға жуық хабарлама келіп түсті. Жедел кезекшінің тез әрі кәсіби ден қоюының арқасында тәулік ішінде тіркелген қылмыстық деректер түгелдей ашылып, күдіктілер анықталды.

Келесі күні 08:00-де Елдостың тәуліктік кезекшілігі аяқталды. Бірақ полицияның жұмысы тоқтаған жоқ. Бір ауысым қызметін тапсырса, екіншісі ел тыныштығын күзетуге кірісті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру