Талдықорғанда ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері тәртіп сақшыларымен кездесті
Талдықорғанда Жетісу облысының ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері қалалық полиция басқармасының жеке құрамымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл игі шара ардагерлер мен жас полиция қызметкерлерінің өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталды. Әсіресе учаскелік инспекторлардың жұмысына ерекше мән беріліп, олардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі жауапты міндеттері сөз болды.
Көп жылдық қызмет жолынан өткен ардагерлер жас полицейлерге кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау жолдарын көрсетті. Олар қызмет барысындағы қиындықтарды қалай еңсеруге болатынын айтып, жас мамандарға практикалық кеңестер берді. Мұндай тәлімгерлік жұмыс жас полиция қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, олардың адамгершілік қасиеттерін де қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында учаскелік инспекторлардың қызметі заңнаманы жетік білумен қатар, азаматтармен дұрыс қарым-қатынас орнату, жедел әрекет ету және жанжалдардың алдын алу қабілетін талап ететіні айтылды. Осы орайда тәжірибелі әріптестердің қолдауы жас мамандардың өз қызметіне сеніммен қарауына және ішкі істер саласында ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға септігін тигізеді.
Полиция басқармасының басшылығы ардагерлерге жас кадрларды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, олардың тәжірибесі мен кеңестері жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Осындай кездесулер дәстүрге айналып, құқық қорғау саласындағы буындар байланысын одан әрі нығайтуға өз үлесін қоса бермек.