Түркістан облысында полиция колледж студенттеріне интернет-алаяқтықтан сақтану жолдару туралы айтты
Түркістан облысының полициясы интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, алаяқтардың жиі қолданатын әдістері және оларға қарсы сақтық шараларын түсіндіру мақсатында колледж студенттерімен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында Кентау қаласы полиция бастығының бірінші орынбасары Азамат Сәрсенқұлов студенттерге қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жауапкершіліктерін, соның ішінде жасөспірімдер арасындағы буллинг, зорлық-зомбылық, бопсалау, есірткіге қатысты қылмыстардың зардабын түсіндірді.
Сондай-ақ студенттерге жеңіл ақша ешқашан болмайтынын, алаяқтық деректерінен қалай сақтану керек екенін ашық айтып, арнайы бейнематериалды көрсетті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жыл басынан бастап Кентау қаласында 5 студент интернет-алаяқтарының құрығына түскен.
Ал алаяқтарға жәбірленушілерден түсетін ақшаны алу үшін банк карталарын сатып, қылмыс жасауға көмек берген 3 дроппер анықталған.
Шара соңында полицейлер бейтаныс адамдардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жасалатын қылмыстардан қорғану жолдары мен алаяқтыққа ұшыраған жағдайда қандай әрекет ету керектігін де айтып өтті.