Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полиция алаяқтардың арбауына түсіп қалған әйелді құтқарды

Ақтөбеде полиция алаяқтардың арбауына түсіп қалған әйелді құтқарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

19 ақпан күні Хромтау ауданының тұрғынына алаяқтар хабарласқан. Қаскүнемдер әйелге оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, бұл процессті болдырмау үшін бірнеше банктен ірі сомада несиелер рәсімдеуді талап еткен. Қорыққан әйел бірден өз ауданындағы банкке барып, 3 миллионнан астам сомаға несие рәсімдеді де, алаяқтар көрсеткен есепшотқа аудару үшін екінші банкке бағыт алды.

Алайда әйелдің ірі көлемде ақша аударуға ниеттенгені мен оның психологиялық жай-күйі банк қызметкерлерінде күдік тудырды. Қырағы банк қызметкері алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін екенін түсіндіріп, ақша аударымын жасауға жол бермеді. Бұдан кейін ол дереу құқық қорғау органдарына хабар берді. Полиция қызметкерлері әйелмен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оған жақындарына да қырағы болуды ескертті.

Осы оқиғадан кейін әйел келесі күні жасырын түрде Ақтөбе қаласына келіп, алаяқтар үшін тағы да несие алуға әрекеттенді. Жедел-іздестіру шараларына кіріскен полиция қызметкерлері оны банктен несие алу үшін тұрғылықты жерінен тапты да, полиция бөліміне жеткізді. Алаяқтардың арбауына түскен әйел полицияға сенуден бас тартып, барынша қарсылық көрсетсе де, оған психологиялық көмек көрсетілді.

Кибералаяқтық қылмыстардың алдын алу бағытында банк қызметкерлерінің қырағылығы мен жедел іс-әрекетінің маңыздылығын ескере отырып, 25 ақпанда Ақтөбе облысының полиция департаменті киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы прокуратура органдарымен бірлесіп, банктердің қауіпсіздік қызметі мен несиелеу бөлімдерінің қызметкерлерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында алаяқтардың арбауында болған клиенттерді анықтау алгоритмі және жедел әрекет ету механизмдері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар шара барысында қырағылық танытқан банк қызметкері Данагүл Мурзатаеваға Алғыс хат табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру