Алматы полициясы мопед жүргізушілеріне жауапкершілік туралы ескертеді
Алматы полициясы мопед жүргізушілеріне жауапкершілік туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту және Алматы қаласындағы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы полициясының қызметкерлері мопед иелері арасында көлік құралдарын тіркеу және жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Өткен жылы "Жол қозғалысы туралы" Заңға енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – мопедтерді пайдалануды реттеу. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып табылады және оларға барлық заң талаптары қолданылады.
Осыған орай Алматы полициясы мопедті тіркеуге қажетті құжаттар тізімі мен іс-қимыл алгоритмдерін көрсететін ақпараттық парақтарды таратты. Бұл парақтар екі дөңгелекті көлік жүргізушілерінің ең көп шоғырланған жерлерінде, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де таратылуда. Әрбір мопед жүргізушісінің мопедтерді тіркеу және "А1" санатты жүргізуші куәлігін алу қажеттілігі туралы хабардар болуы маңызды.
Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедін уәкілетті органда тіркемеген және "А1" санатты жүргізуші куәлігінсіз мопедті басқарған жүргізушілер ҚР ӘҚбК-нің 590-бабының 2-бөлігі, 590-бабының 2-1-бөлігі, 612-бабы және 797-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Әкімшілік жаза ретінде 20 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылуы мүмкін.