Қоғамдық орында ішімдік ішкен 800-ге жуық павлодарлық жауапқа тартылды
Павлодарда 800-ге жуық азамат көшеде спирттік ішімдіктер ішкені үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ойын алаңдары, саябақтар, бақтар, аулалар және үйлердің кіреберістері қоғамдық орындар болып есептеледі, бірақ кейбір азаматтар бұл жерлерді мас күйінде жиналатын орын ретінде пайдаланып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, мұндай бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алкогольді ішімдік ішу немесе қоғамдық орында мас күйінде болу ең көп кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі болып табылады. Осыған орай полицейлер үнемі рейдтік және профилактикалық шаралар өткізуде.
Жыл басынан бері құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда мас күйінде болған 800-ге жуық азаматты анықтады. Мысалы, бір тәулік ішінде Павлодар қаласында 74 адам ұсталып, уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.
Олардың қатарында Лермонтов көшесіндегі дүкеннің жанында мас күйінде жүрген ер адам да бар. Полицейлер оны УАДО-ға жеткізіп, айыққан соң әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, тәртіп сақшылары аймақ тұрғындары мен қонақтарынан қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрайды. Егер сіз қоғамдық жерде біреудің ішімдік ішіп, мас күйінде тәртіп бұзып жатқанын байқасаңыз, бұл полиция немесе жедел жәрдем шақыруға себеп болады.