Түркістан облысында полиция алаяқтыққа қатысы бар 35 күдіктіні ұстады
Биыл Түркістан облысында алаяқтық қылмысының 300-ден астам дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің алаяқтық қылмысын саралау барысында қайтарымсыз грант шығару дерегі көш бастап тұр. Яғни грант алғысы келгендерге қатысты 66 дерек тіркелген.
Сондай-ақ тауарға алдын ала төлем жасау, жұмысқа орналастыру, автокөлікті құжаттандырып беру, кезексіз үй алып беру, несие шығарып беру, оқуға түсіріп беру, шет елге құжат рәсімдеу, мүгедектікке шығарып беру мәселелері бойынша алаяқтық деректері жиілеген.
Жалпы осы көпэпизодты қылмыстық істер бойынша 35 күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Мәселен, Кентау қаласында мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деп 4 бірдей тұрғынды алдаған күдікті ұсталды. Анықталғандай, 24 жастағы ер адам жәбірленушіге мемлекеттік бағдарламамен үй алуға көмектесетінін айтқан. Қызметі үшін алдын ала 500 мың теңге ақшасын алып, кейін онымен байланысын үзген.
Тәртіп сақшылары тексеру барысында күдіктінің дәл осылай алаяқтықтың үш жайтына қатысы бар екенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі — 1,5 миллион теңге. Қазіргі таңда күдіктінің ісі сотқа өтті.
Бұл қылмыс түрінің алдын алу бойынша полицейлер үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Десе де, алаяқтың арбауына түсіп, барынан айырылып қалатындар әлі де толастар емес.
Сондықтан полиция азаматтарды сақ болуға шақырады.