Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Сен – жалғыз емессің! Бірлік – біздің күшіміз": Қарағандыда ауқымды форум өтті

Қарағанды қаласындағы Достық үйінде "Сен – жалғыз емессің! Күшіміз бірлікте" атты есірткіге қарсы форум өтті. Аталған іс-шараға ішкі істер органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, дәрігерлер және Қарағанды облысының жетекші колледждерінің студенттері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Форум барысында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров студенттерді есірткіден сақ болуға және қылмысқа қарсы қырағылық танытуға шақырды.

- Біздің мақсатымыз – жастарды есірткінің зияны, оның құқықтық салдары туралы ақпараттандыру, сондай-ақ бұл қателіктердің орны толмас өкінішке әкелетінін түсіндіру. Жыл басынан бері 300 келіден астам есірткі, оның ішінде 19 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткі зертханасы мен үш фитозертхана жойылды. Алайда ең алаңдатарлық мәселе – кәмелетке толмағандардың есірткі қылмысына тартылуы. 2024 жылы Қарағанды облысында 11 жасөспірім ұсталып, бүгінде бостандығынан айырылды. Олардың төртеуі – есірткі тасымалдаушылар. Ал биылғы қаңтар айында жылдам табыс туралы парақшалар таратқаны үшін екі жасөспірім ұсталып, олардың ата-аналарына ірі көлемде әкімшілік айыппұл салынды. Балалардың өздері полиция есебіне алынды, – деді Жасқайрат Қайыров.


Форум аясында жастарға белгілі қоғам қайраткерлері мен сала мамандары өз ойларын ортаға салды. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев табандылық пен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Қоғам белсендісі, Аналар кеңесінің мүшесі Жібек Камали әрбір өмірдің құндылығын еске салды. Жастар ресурстық орталығының директоры, депутат Якуб Джамалов жастар үшін ашық мүмкіндіктер жайында айтты. Қалалық мәслихат депутаты Равиль Садықов есірткіге қарсы күресте заңнамалық базаның маңыздылығын түсіндірсе, психиатр-нарколог Жанерке Хасенова есірткіге тәуелділіктің ауыр салдары туралы баяндады.

Сонымен қатар Қарағанды облысы полиция департаментінің басшысы атынан есірткіге қарсы күреске қосқан үлесі үшін бірқатар колледж өкіліне алғыс хаттар табысталды.

Бұл форум жастарға есірткінің зияны туралы маңызды ақпарат беретін алаң ғана емес, сонымен қатар есірткіге қарсы күресте бірлесіп әрекет етуге үндейтін ауқымды іс-шара болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру