Абай облысы ПД-да оқу-әдістемелік жиын өтті
Абай облысы полиция департаментінде оқу-әдістемелік жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ұйымдастыруымен полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіру мақсатында оқу-әдістемелік жиын өтті. Іс-шараға полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров қатысты.
Жиынға полиция департаментінің жеке құрамға тікелей жауапты өзіндік қауіпсіздік басқармасының, жеке құрам инспекциясының басшылары, сондай-ақ қала және аудандық полиция бөлімдерінің кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Кездесу барысында Абай облысы полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Оңдасын Аштаев Қазақстан Республикасының "Құқық қорғау қызметі туралы" заңына енгізілген өзгерістер жайлы баяндады. Ол жаңа өзгерістердің құқық қорғау қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтіп, қатысушыларға заңнамаға сәйкес бірқатар ұйымдастыру шараларын жүзеге асыруды тапсырды.
Сонымен қатар жиын барысында полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығы, қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және кадр саясаты саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар қызметтік міндеттерді орындау барысында этикалық нормалар мен моральдық-адамгершілік құндылықтарды сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Іс-шара қорытындысында қатысушыларға тиісті әдістемелік ұсынымдар беріліп, қызметкерлердің кәсіби дамуына бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасатыны айтылды.