Түркістан облысында полиция вейптерді заңсыз сату фактісін анықтады
Түркістан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Telegram арқылы вейптерді заңсыз сату фактісін анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел уәкілдер әлеуметтік желілер арқылы электрондық темекіні заңсыз сатумен айналысқан бұрын сотталған жергілікті тұрғынды Түркістан қаласындағы қонақ үйлердің бірінің жанында ұстады.
Тексеру кезінде полиция жас жігіттен 20-дан астам вейп пен қолма қол ақша тәркіледі.
Сондай-ақ қонақ үйдің ауласын тінту кезінде тағы 90 электронды темекі табылды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Істің барлық мән-жайы анықталады.