Түркістан облысында полиция камера арқылы мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады
Түркістан облысында полиция мереке күндері камера арқылы мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айының 20-25 күндері аралығында полицияның "102" арнасына 1078 хабарлама тіркелді. Сондай-ақ жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы1050 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 102 автокөлік айыптұраққа қойылды. Полиция 2 қылмыстың ізін суытпай ашты. Құқық бұзушылықтардың 80 пайызы жол ережесін бұзу жайты болса, 20 пайызы қоғамдық орындардағы заң бұзушылықтар.
Мәселен 23 наурыз сағат 16:00 шамасында Шымкент қаласының тұрғыны, жас жігіт Chevrolet Laсetti көлігіне тиесілі мемлекеттік белгісін өзінің басқаруындағы Huyndai Tuсson автокөлігіне заңсыз тағып, Түркістан – Кентау бағытында кетіп бара жатқан жерінен ұсталды.
Көлік айыптұраққа қойылып, құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар облыс орталығындағы Тәукехан-Төреқұлов көшелерінің қиылысында темекі қалдықтарын тастаған 3 жас жігіт анықталып, жауапқа тартылды.
Полиция тұрғындарға жол ережелерін қатаң сақтауға, ортақ пайдалану орындарын ластамауға және заңға қайшы әрекеттерді жасамауға шақырады.