Қызылордада полицейлер жасөспірімдер арасында бокстан ашық турнир ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер жасөспірімдер арасында бокстан ашық турнир ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін облыс орталығындағы “Мың бала” спорт кешенінде Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасындағы бокстан ашық турнир басталды.
Турнир “Спорт – есірткіге қарсы!” ұранымен өтуде. Айта кетерлігі, мұндай шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Турнирдің ашылу салтанатына Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Біржан Бағысов, “Наман ата” қоғамдық қоры мен “Мың бала” спорт кешенінің директоры Сәдірбек Жұмабеков, сондай-ақ полиция қызметкерлері мен спорт өкілдері қатысты.
Үш күнге созылатын жарыста 10 салмақ дәрежесі бойынша 100-ге жуық спортшы бақ сынамақ.
Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шаршы алаң додасында болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар іріктелмек.