Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы ПД Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланды

Қызылорда облысы ПД Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланды - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысында Ішкі істер министрінің кеңесшісі милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков облыстық полиция департаментінің ардагерлерімен кездесу өткізді. Жиын барысында ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстары сараланып, ұйымның жаңа төрағасы сайланды.

Кездесуде полиция ардагерлеріне қолдау көрсету, мұқтаж жандарға көмек көрсету және жас мамандарды тәрбиелеу ісіне үлес қосу мәселелері кеңінен сөз болды. Уақыттың сынына мойымай, құқықтық тәртіп саласына өмірін арнаған ардагерлер бүгінде жас буынның жан-жақты қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Облыс көлемінде бүгінде 13 ардагерлер ұйымы жұмыс істейді, ал ардагерлер кеңесіне 2 730 зейнеткер мүше ретінде тіркелген.

Көпшілік дауыспен Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып Әмірбек Шаймағамбетов сайланды.

Әмірбек Шаймағамбетов 1963 жылы 7 наурызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Ол Өскемен жол құрылысы институтын және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған.

Қызметтік жолын Қызылорда ҚІІБ МАИ бөлімінің бастығы лауазымынан бастап, Қызылорда ОІІБ МАИ басқармасы бастығының орынбасары, криминалды полиция басқармасының ауыр қылмыстарды ашу бөлімі бастығының орынбасары, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Қызылорда облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы, Қызылорда ҚІІБ бастығы және Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Полиция полковнигі шеніне ие.

Ол – Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты және "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері" атағының иегері. Саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған ол, бүгінде де жас қызметкерлермен жиі кездесіп, өмірлік және кәсіби тәжірибесін бөлісіп келеді.

Ардагерлер кеңесінің алдында қоғамдық сананы тәрбиелеуге бағытталған, көпжылдық тәжірибеге сүйенген ауқымды міндеттер тұр. Бұл бастамалар жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеуге және ішкі істер органдарының беделін арттыруға сеп болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру