БҚО-да ҚАЖД қызметкерлерінің психологиялық тұрақтылығын арттыруға арналған іс-шара ұйымдастырылды
БҚО-да ҚАЖД қызметкерлерінің психологиялық тұрақтылығын арттыруға арналған іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кадр саясаты тобы, жеке құрам инспекторы және ведомстволық психологтың бастамасымен қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын арттыру және ұжымдық ауызбіршілікті нығайту мақсатында табиғат аясында арнайы іс-шара өткізілді.
Іс-шараға департаментке қарасты №74, 27, 28 түзеу мекемелерінің және пробация қызметінің қызметкерлері қатысты. Ашық аспан астында, өзен жағасындағы орман алқабында өткен бұл бейресми кездесу әр қатысушыға кәсіби әрі психологиялық тұрғыдан жаңа серпін сыйлады.
Бағдарлама барысында түрлі командалық тренингтер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Арқан тарту, эстафеталық жарыстармен қатар, АКСУ-74 автоматы мен Макаров тапаншасын толық емес бөлшектеу және жинау сайыстары өткізілді. Бұл жаттығулар қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіріп, төтенше жағдайларда шапшаң әрі нақты әрекет ету машықтарын шыңдауға мүмкіндік берді.
Психолог жетекшілік еткен психологиялық жаттығулар сенімділік, өзара қолдау мен күйзеліс жағдайларында әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталды. Қатысушылар бір-біріне сенім білдіру арқылы ұжым ішінде берік байланыс орнатып, ішкі күш-қуатты сезінуге мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында белсенділік танытқан қызметкерлер марапатталып, арнайы мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылардың еңбегіне ризашылықтарын білдірген қатысушылар мұндай форматтағы кездесулердің ұжымдық рухты күшейтіп, қызметке деген ынта-жігерді арттыратынын атап өтті.
Күн соңында қатысушыларға ауған қазанында әзірленген дәмді палау мен хош иісті шай ұсынылып, бейресми отырыс жылы көңіл-күймен қорытындыланды. Бұл бір күндік іс-шара қызметкерлер үшін ұмытылмас әсер мен жағымды эмоцияға толы болды.