Талдықорғанда есірткі жасырушыдан мефедрон тәркіленді
Талдықорғанда есірткі жасырушыдан мефедрон тәркіленді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Ескелді ауданының 18 жастағы тұрғынын ұстады. Жасөспірім синтетикалық есірткілерді заңсыз таратты деген күдікке ілінді.
Күдіктіні тексеру кезінде оның күртешесінің қалтасынан қызыл және сары түсті изолентамен оралған 24 түйіншек табылып, тәркіленді. Ішінде ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ зат болған. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл психотроптық зат — жалпы салмағы 14,97 грамм болатын мефедрон екені анықталды.
Тергеу барысында жасөспірім әлеуметтік желіден жұмыс туралы хабарландыруды көріп, ұсталғанға дейінгі бір ай ішінде есірткі жасырушы болып жұмыс істегені белгілі болды. Жылдам ақша табуға деген ниет оны ауыр салдарға алып келген.
Заң қатал — есірткі таратқаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.
Полиция азаматтарға, әсіресе жастарға үндеу жасайды: мұндай әрекеттердің салдары туралы ойланыңыздар. Осындай шешімдер тек өз тағдырыңызды ғана емес, жақындарыңыздың да тағдырын түбегейлі өзгертуі мүмкін.