Елордада "Қауіпсіз жол" республикалық ЖПІШ аясында блогерлердің қатысуымен акция ұйымдастырылды
Елордада "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында "Тоқта – құқық бұзушылық!" атты акция ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және барлық жол қозғалысына қатысушылар арасында тәртіп пен жауапкершілікті нығайту.
Бұл жолғы акцияның ерекшелігі – заманауи технологиялардың қолданылуы. Атап айтқанда, Астана қаласы полиция департаментінің дрон аппараты пайдаланылып, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын әуеден бақылауға мүмкіндік берілді. Бұл тәжірибе жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі профилактикалық жұмыстың жаңа үлгісін көрсетіп отыр.
Акцияға белгілі блогерлер Айтым Жақұпов, Сергей Цырульников, Анатолий Бондарь және Руслан Силин қатысты. Олар елорда тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасап, жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар "Астана Жастары" ұйымының еріктілері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық парақшалар таратты.
Шара Тұран және Республика даңғылдарында өтті. Дрон арқылы тіркелген құқық бұзушылықтар туралы ақпарат жедел түрде жаяу патрульдерге, мотоэскорт взводына және автопатрульдерге жеткізіліп отырды. Бұл тәсіл құқық бұзушылықтарға жылдам әрекет етуге мүмкіндік берді.
Іс-шараның қорытындысы оның тиімділігін көрсетті. Полиция қызметі мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
Полиция азаматтарды жолда барынша мұқият болуға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.