Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: полиция тасжолда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр

Қызылорда облысы аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара аясында облыстық полиция департаменті "Жолда қабылдау" акциясын өткізді. Бұл шара жол қозғалысына қатысушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және жолдағы тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Акция Самара – Шымкент тасжолының Бірқазан елді мекені тұсында өтті. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар азаматтарға тек жазалау шараларын қолдану емес, ең алдымен адамның өмірі мен денсаулығын сақтау – полицияның басты міндеті екені айтылды.

– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұл бағытта тек әкімшілік жаза қолдану жеткіліксіз. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау. Осыған байланысты жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, – деді Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Е.Абдраманов.

"Жолда қабылдау" акциясына жол қозғалысының жас инспекторлары да белсенді түрде қатысты. Олар көлік жүргізушілеріне ақпараттық парақшалар таратып, жолда қауіпсіздік сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мұндай іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қоғамда жолда жүру мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру